ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ
ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ ЖӘНЕ ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

Мақала қазіргі уақыттағы жаһандық аса өзекті тақырыптардың бірі – діни экстремизм мәселесі жайында. Болашақтағы қоғамның қауіпсіздігі үшін бұл мәселені қазір, әр қырынан терең зерттеу өте маңызды. Қазақстанда діни экстремизммен күресу және оның алдын алу мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде жарияланған. Себебі, Қазақстан Республикасы - көп ұлтты, көп конфессиялы, зайырлы мемлекет. Осы орайда экстремистік әрекеттерді тудыратын себептерге баса назар аудару аса үлкен мәнге ие.

Еліміздің егемендік алғанына биыл отыз жыл толады. Бүгінгі күндерге дейін жеткен жетістіктеріміз аз емес. Дегенмен, мемлекетіміздің, қоғамымыздың әлі де кейбір маңызды бағыттарға байланысты атқарар істері көп. Егемендік алған жылдары негізгі мемлекеттік ресурстар елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталды, ол әрине орынды да. Себебі, ол кезде халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты өте ауыр жағдайда болатын. Осы бір кезеңдердегі күрделі жағдайлар себепті рухани құндылықтарымызға ден қою, оларды жандандыру, жаңғырту белгілі бір дәрежеде кешеуілдеп барып қолға алынды. Оған қоса халқымыздың салт-санасымен біте қайнасқан асыл дінімізге егемендікке дейін де тыйым салу, қудалау секілді қарсы саясат жылдар бойы жасалған болатын. Бірақ баршамызға белгілі, қандай қиын кезеңдер болмасын сенім ешқашан адамзаттың өмір-тіршілігінен ажыраған емес. Осындай жағдайлар өтінде елімізге қой терісін жамылған қасқырдай әр түрлі жат діни ағымдар өзіндік теріс пиғылдарын іске асыруға «ағартушылық» қызметпен көптеп келе бастады. Аталмыш келеңсізіктер мемлекетіміз енді ғана тәуелсіздігін алып, ес жиа берген шақтарда орын алды. Сол кезеңдердегі көптеп келіп жатқан әр түрлі ағымдарға татымды жауап беретін белді мамандырымыздың жетіспеушілігі, оларға қатысты заңдамаларымыздың жетілдірілмегендігі және бұхара халқымыздың діни сауатының аздығы - жиналап келгенде жат ағымдарға қарсы иммунитетіміздің төмендігін құрады. Осы бір қиын сәттерді өз пайдаларына қолданып қалған деструктивті ағымдардың бүлігі бүгінгі күндерге дейін жалғасып, тіпті кейде елді дүрліктіретін ауыр жағдайларға да себепкер болуда. Бұл мәселелердің дұрыс шешімін табуға, оларды еңсеруге тек құқық қорғау мекемелері ғана емес сонымен қатар мемлекеттік және қоғамдық барлық негізгі институттар да өзіндік үлесін қосып, ат салысуы тиіс.

 

«Экстремизм» ұғымының анықтамаcы

 

Белгілі бір құбылысқа қарсы тұру үшін, ең алдымен, қарсы тұру объектісін нақты анықтап алу керек. Экстремизм (лат. extremus, фр. extremisme – «шеткі, шамадан тыс») – белгіленген, қалыпты моральдық, заңдық шеңберден тыс көзқарастарды ұстану, іс-әрекеттерді жасау. Әр түрлі елдерде және әр түрлі кезеңдерде «экстремизм» ұғымына көптеген құқықтық және ғылыми анықтамалар берілген. Бүгінгі күні барлығына ортақ бірыңғай қабылданған анықтама жоқ. Экстремизм радикализмнің экстремалды көрінісі. Д. В. Ольшанский былай деп жазады: «...экстремизм ұғымы (француз тілінен extremisme – экстремалды, шеткі) саясат пен идеологиядағы экстремалды көзқарастар мен іс-әрекеттерге деген адалдықты білдіреді. Психологиялық тұрғыдан алғанда, бұл радикализмнің жалғасы және одан әрі дамуы» [1: 225]. Бұдан әрі: «психологиялық тұрғыдан терроризм – радикализмнің, экстремизмнің және фанатизмнің табиғи жалғасы» [1: 257]. Тар мағынада, экстремизм дегеніміз, әдетте, қолданыстағы мемлекеттік жүйені күштеп өзгертуге және ұлттық, әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған заңсыз әрекет деп түсініледі [2: 24].

2001 жылғы 15 маусымдағы «Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы» «экстремизм» ұғымына мынадай анықтама берген болатын: «Экстремизм» - билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, сондай-ақ мемлекеттің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, сол сияқты қоғамдық қауіпсіздікке күшпен қол сұғуға, оның ішінде жоғарыда көрсетілген мақсаттарда заңсыз қарулы құралымдарды ұйымдастыруға немесе оларға қатысуға бағытталған және тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық тәртіппен қудаланатын қандай да бір іс-әрекет (3 п.  1б. 1 бап.) [3].

 

Діни экстремизмнің пайда болуына әсер ететін факторлар

 

Біз экстремизм мәселесінің алдын алу бағытындағы жақсы нәтижелерге қол жеткізуіміз үшін міндетті түрде оның пайда болуына әсер ететін факторларды мұқият саралауымыз қажет. Себебі соның негізінде ғана бізге бұл қауіпті құбылыстың алдын алудың нақты мақсаттары айқындалады.

Кез-келген қоғамдық-саяси құбылыс сияқты экстремизм мен терроризмнің де терең әлеуметтік, идеологиялық және рухани-психологиялық тамырларлары бар. Бұл әлеуметтік құбылыстардың мәнін оларды туғызатын және қоректендіретін әлеуметтік және саяси өмірдің басқа жаһандық проблемаларымен байланыстырмастан ашу, түсіну мүмкін емес [4: 86]. Діни экстремизмнің тамырын, ең алдымен, қоғамның әлеуметтік-саяси мүддесі мен оның өмірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан іздеу керек. Осыдан кейін ғана діни экстремизмнің идеялық-психологиялық, этно-діни және тарихи алғышарттары жайында сөз қозғауға болады [4: 87]. Сонымен қатар, діни экстремизмнің бірден-бір себебі, адамның өзінің ұстанатын дінінің негізгі мақсаттары мен мәні туралы жеткілікті білімінің болмауынан, оның ішкі жүйесі мен мақсаттарын дұрыс түсінбегендіктен және осындай тұлғаның санасының деструктивті ағымдар идеологиясының әсеріне түсуі (улануы) салдарынан болуы да мүмкін. Оған қоса кейбір адамдардың фанатикалық төзбеушілігі мен қатыгездігі де өзіндік әсерін тигізіп жатады. Экстремизм - бұл әлеуметтік-саяси немесе ұлттық мәселе ғана емес, сонымен бірге моральдық және рухани мәселе.

Діни экстремизм мен терроризмнің шығуына көптеген жағдайлар әсер ететіндігі жайында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Альджанова Н.Қ. өзінің «Діни экстремизм мен терроризмнің таралу себептері» атты мақаласында толыққанды жазған болатын. Олар:

  • экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және мәдени салаларда артта қалу;
  • әлеуметік әділетсіздік;
  • жұмыссыздық, кедейшілік, ауыл және қала мәселелері;
  • халықтың өмір сүру түрі, стандарттарына батыс елдерінің араласуы;
  • нәсіл, дін, мазхаб, идеология, аймақ және шекара мәселелері;
  • саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан үстемдік құруы;
  • діни, мәдени және идеологиялық, миссионерлік іс-шаралар;
  • географиялық аймақтар, мемлекеттер, халық пен ел арасындағы түсініспеушіліктер;
  • дамыған елдер мен мемлекеттердің дамымаған елдерді отарлауы, бөліп тұтастығын бұзуы;
  • отбасы проблемасы, қоғамнан аластатылуы, өзін-өзі көрсету және дәлелдеуі;
  • бір адамның, қоғамның бастан кешкен күйінішіне, әлсіздігіне қарсы өш алуы;
  • өздінінің, идеологиясының, халқының және мемлекетінің алдындағы міндетін атқару;
  • қоғамдағы саясат, мәдениет пен өркениет дамуына қарсы әрекеттердің туындауы [5].

 

Діни экстремизммен күрес және оның алдын алу жолдары

 

Дәстүрлі діндердің құндылықтарын насихаттау да экстремистік көріністердің алдын алуға өзіндік ықпал ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда атақты саясаттанушы, қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Н. А. Наматов діни экстремизммен күрес мәселесіне байланысты «мемлекет экстремизмнің пайда болуына ықпал ететін әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайларды жойып, экстремистердің заңсыз әрекеттерін тоқтатуы керек». Өз кезегінде қоғам «қоғамдық және діни бірлестіктердің, БАҚ-тың көмегіне» жүгініп, «экстремистік идеяларға қарсы толеранттылықтың, азаматтық бейбітшілік пен келісімнің гуманистік идеялары мен принциптерін» насихаттауы керек. Сонымен қатар, бұл бағытта «заң қолдану практикасы маңызды рөлге ие» егер «заң нормаларына сәйкес экстремизмнің қылмыстық әрекеттерін ұйымдастырушылар мен жасаушылар ғана емес, сонымен қатар олардың идеологиялық шабыттандырушылары да жауапкершілікке тартылатын болса» және аталмыш бағытта «заң талаптары қаншалықты жалғасымды және қатаң орындалатын болса» соғұрлым жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады [6] деген пікір айтады. Алдын алу жұмысының нәтижелілігі көп жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлік деңгейіне де байланысты. Осыған қатысты, аталмыш проблемаға байланысты құқық қорғау органдарының қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері шешуші мәнге ие [7: 59].

Қазіргі әлемде экстремистік әрекетке байланысты қақтығыстар еңсерілмеген, ал террористік актілер көптеген елдерде орын алуда. Бұл проблема адамзатты толғандырады және қазіргі заманның басты проблемасына айналып бара жатыр. Әрбір жекелеген елде экстремистік көзқарастар мен олардың қызметінің (көрініс табуының) өзіндік мәселелері мен ерекшеліктері бар. Көп нәрсе белгілі бір мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеріне, идеологиясы мен тәрбиесіне, жас ұрпақтың білім беру ісіне, сайып келгенде, әртүрлі діндерге деген көзқарастарына байланысты. Баршамызға мәлім, кез-келген экстремизм өз алдына фанатизмнің шектен шыққан түрі. Сондықтан да олар өздерінің идеологияларын қабылдамағандардың барлығын жау көреді, бітімгершілікке ешқашан келіспейді. Түпкі мақсаттары әлемді өздерінің шектен шыққан көзқарастары негізінде қайта құру болып табылады. Діни экстремизм іс жүзінде - саяси экстремизммен тығыз байланысты. Барлық дерлік жағдайда, бұл - саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атын жамылып белгілі бір мақсатқа байланысты жасаған немесе бағыттаған күресі.

 

Қорытынды

 

Жалпы экстремизмнің қай түрі болмасын мемлекеттегі қалыптасқан саяси, қоғамдық, әлеуметтік жүйелерді тұрақсыздандыратыны айдан анық. Осылайша елдегі азаматтардың өмірлеріне, әлеуметтік-құқықтық еркіндіктеріне қауіп төндіреді. Осы тұста көп конфессиялы мемлекетіміздің тұтастығын сақтауда дәстүрлі діндердің алатын орны орасан. Діндер адамзат тарихында әрқашан ізгіліктің бастауы болғандығы баршамызға белгілі. Бірақ әр заманда оны жекелеген тұлғалардың, жекелеген топтардың өз теріс мақсаттарына қарай саясаттарына араластырып, қарапайым халықты күштеп билеуде, жаншуда желеу етіп қолданған тұстарын да көре аламыз. Өкінішке орай осы бір қасіретті құбылыс өркениетті дәуірімізде де кейбір елдерде көрініс табуда. Соның салдарынан жазықсыз қарапайым халықтың бір бөлігі қырылып, енді бір бөлігі көршілес елдерде бас сауғалап босқын атануға мәжбүр болуда. Экстремизм түрлерінің әр алуандығына сүйене отырып, экстремизм шеткі көзқарастар мен идеялардың көрінісі ретінде қоғамдық және мемлекеттік өмірдің, қоғамдық қатынастардың барлық салаларына ену қабілетіне ие деп қорытынды жасай аламыз.

Мақала соңын 2006 жылы 3-5 шілдеде Мәскеуде өткен әлемнің 49 елінен келген христиандық, мұсылмандық, иудейлік, буддисттік, индуистік және синтоистік қоғамдастықтардың басшылары мен елшілерін жинаған дүниежүзілік дін лидерлері саммитінің жолдауында айтылған сөзбен аяқтауды жөн деп санаймыз: «Біз терроризм мен экстремизмді, сондай-ақ олардың діни тұрғыдан ақталуға тырысуларын кез-келген түрде айыптаймыз. Саяси, ұлттық және діни негіздерде туындайтын араздыққа қарсы тұруды біздің міндетіміз деп санаймыз. Біз адамдардың бостандығы мен денсаулығын, сонымен қатар қоғамдағы моральдық климатты бұзатын дін атын жамылған жалған діни топтар мен қозғалыстардың іс-әркеттеріне өкінеміз. Дінді жеккөрушілікті қоздыру құралы ретінде қолдану немесе адамға, адамгершілікке, адамзатқа қарсы қылмыстарға сылтау ретінде пайдалану - қазіргі заманның басты сын-тегеуріндерінің (қиындықтарының) бірі» [8].

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Ольшанский Д.В. Психология террора. М.: Академический Проект, ОППЛ, 2002. – 320 с.

2. Целуева Н.В. Психологические аспекты экстремизма // Материалы международной межвузовской конференции молодых ученых «Психология – наука будущего» 5–7 ноября 2007 года / отв. ред. А.Л. Журавлева. – М.: ИП РАН, 2007. С. 51-59.

3. Шанхайская Конвенция о борьбе с терроризмом, сепаратизмом и экстремизмом (г. Шанхай, 15 июня 2001 г.). Эл. ресурс: https://www.mchs.gov.ru/

4. Назиров Давлятходжа. Проблемы терроризма, религиозного экстремизма и пути их преодоления: диссертация ... доктора философских наук : 09.00.11 / Назиров Давлятходжа; [Место защиты: Ин-т философии и права АН Респ. Таджикистан].- Душанбе, 2009.- 347 с.

5. Альджанова Н.К.Діни экстремизм мен терроризмнің таралу себептері, 4.10.2016ж. Эл. ресурс: http://gylymordasy.kz/

6. Наматов Н.А. Религиозный экстремизм в Центральной Азии // Эл. ресурс. База данных. — CentralAsia&CentralCaucasusPress AB, 2001.

7. Горохова В.В. Основы противодействия религиозному экстремизму: учебное пособие // В.В. Горохова. – М.: Московский университет МВД России имени В.Я.Кикотя, 2018. 83 с.

8. ПОСЛАНИЕ Всемирного саммита религиозных лидеров (Москва, 3-5 июля 2006 г.). Эл. ресурс. https://mospat.ru

Батан Зейінді

Әл-Фaрaби aтындaғы Қaзaқ ұлттық университетінің

2-курс магистранты

Ғылыми жетекшісі: Қаңтарбаева Ж.У.

www.kaznu.kz

 

БеимбетБеимбет
4 года назад 2974
0 комментариев
О блоге
0
0 0 0 0 0