Экстремизмнің түрлері және себептері
Экстремизмнің түрлері және себептері

Болашақтағы қоғамның қауіпсіздігі үшін экстремизм мәселесін қазір әр қырынан терең зерттеу өте маңызды болып табылады. Мамандардың бұл құбылысты егжей-тегжейлі зерттеулері оның ең қауіпті көріністерінің алдын алу бойынша тиімді шараларды әзірлеуге және оларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Экстремизм (лат. extremus, фр. extremisme – «шеткі, шамадан тыс») – белгіленген, қалыпты моральдық, заңдық шеңберден тыс көзқарастарды ұстану, іс-әрекеттерді жасау.

Әр түрлі елдерде және әр түрлі уақыттарда «экстремизм» ұғымына көптеген құқықтық және ғылыми анықтамалар берілген. Бүгінгі күні бірыңғай қабылданған анықтама жоқ [1]. 

2001 жылғы 15 маусымдағы «Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы» «экстремизм» ұғымына мынадай анықтама берген болатын: «Экстремизм» - билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, сондай-ақ мемлекеттің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, сол сияқты қоғамдық қауіпсіздікке күшпен қол сұғуға, оның ішінде жоғарыда көрсетілген мақсаттарда заңсыз қарулы құралымдарды ұйымдастыруға немесе оларға қатысуға бағытталған және тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық тәртіппен қудаланатын қандай да бір іс-әрекет (3 п.  1б. 1 бап.) [2].

Экстремизм мәселесін қарастырардан алдын оның түрлеріне қысқаша шолу жасайық. Бүгінгі күні экстремизмнің жалпыға ортақ, бірыңғай классификациясы жоқ. Бұл айтарлықтай таңқаларлық дүние емес, өйткені қоғамның өзгеруімен оның көрініс табу түрлері де, формалары да өзгеріп отырады. Бірақ ғылыми әдебиеттерде экстремизмнің келесідей түрлері жайында жиі айтылады: саяси, діни, ұлттық, экономикалық, экологиялық экстремизм, интернеттегі экстремизм және жастар экстремизмі. Олардың әрқайсысына жеке-жеке, қысқаша тоқталып өтетін болсақ:

1. Саяси экстремизм - бұл саяси идеологияның шектен тыс дәрежеде қабылдануы, өз көзқарасынан басқа барлық көзқарастарға төзбеушілік, басқалардың өміріне, бостандығы мен құқықтарына немқұрайлы қарау көрініс тапқан саяси мақсаттарды қабылдау. Ол саяси билік пен саяси күрес пайда болғаннан бері бар. Көп жағдайда белгілі бір елдегі мемлекеттік жүйені, саяси режимді түбегейлі өзгертуге бағытталған. Сол және оң экстремизм түрлері аталмыш саяси экстремизмнің тармақтары болып табылады.

2. Діни экстремизм – белгілі бір дінді түсіндіруде өте радикалды және фундаменталистік көзқарастарды ұстануымен ерекшеленетін әртүрлі діни ұйымдар мен конфессияларға, топтар мен ағымдарға жататын жеке тұлғаларға тән белгілі бір діни идеология мен іс-әрекетке негізделген экстремизмнің бір түрі болып табылады. Олар қолданыстағы діни дәстүрлерді түбегейлі өзгерту немесе жою мақсатымен бітіспес қарсыласуға (физикалық зорлық-зомбылықты жан-жақты қолдану, билікті күшпен басып алу, мемлекеттік жүйені күштеп өзгерту секілді әрекеттерді қоса алғанда) барудан тайсалмайды [3].

3. Ұлттық экстремизм - ұлттық мәселені шешудің ең тиімді құралы басқа ұлттар мен нәсілдерге төзбеушілік, ұлттық эксклюзивтілікке, максимализмге деген сенім ретінде күш қолдану тәжірибесінің идеологиясы."Өз ұлтының" мүдделерін, оның құқықтарын, мәдениеті мен тілін қорғау тұрғысынан әрекет ете отырып, басқа ұлттың және этникалық топтардың осындай құқықтарын қабылдамайды. Экстремизмнің бұл бағыты сепаратизммен тығыз байланысты және көпұлтты халқы бар мемлекеттердің құлдырауына әкеліп соғады.

4. Экономикалық экстремизм - бірыңғай меншік формасын және біртұтас шаруашылық жүргізу әдістерін құруға деген ұмтылысында көрініс табады, сонымен қатар мемлекет тарапынан экономикалық саланы реттеуінен толық бас тартумен, кәсіпкерлік қызметтегі бәсекеге қабілеттілікті жоюмен, әлеуметтік шығындардың күрт қысқартылуымен сипатталады.

5. Экологиялық экстремизм дегеніміз - табиғатты қорғау саясатына, сондай-ақ осы бағыттағы ғылыми-техникалық прогреске қарсы бағытталған әрекеттерді білдіреді және өз кезегінде қолайсыз өндірістерді жою қоршаған ортаның сапасын жақсартудың жалғыз дұрыс бағыты деп тұжырымдайды.

6. Бүгінгі таңда қоғамда «интернеттегі экстремизм» сияқты экстремизм түрі танымал болуда. Ол өзінің мәні бойынша экстремистер ұстанатын идеяларды, мақсаттарды және құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Интернет желісінде халықты заңға қайшы әрекеттерге шақыратын экстремистік сипаттағы, бірақ сонымен қатар «заңдылықтың» шымылдығын жамылған ақпарат орналастырылады.

7. Жастар экстремизмі ең қауіпті экстремизмнің бірі болып табылады. Бұл жастар тарапынан, қолданыстағы қоғамдық ережелер мен мінез-құлық нормаларына немқұрайдылық таныту негізінде көрініс табады. Жастар өздерінің жас ерекшеліктерімен, рухани әлемінің әлі толық қалыптаспағандығымен, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайымен сипатталатын ерекше әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктері бар әлеуметтік топ контексінде қарастырылады.

Біз экстремизм мәселесінің алдын алу бағытындағы жақсы нәтижелерге қол жеткізуіміз үшін міндетті түрде оның пайда болуына әсер ететін факторларды мұқият саралауымыз қажет. Себебі соның негізінде ғана бізге оның алдын алудың нақты мақсаттары айқындалады. 

         Кез келген қоғамдық-саяси құбылыс сияқты экстремизм мен терроризмнің де терең әлеуметтік, идеологиялық және рухани-психологиялық тамырларлары бар. Бұл әлеуметтік құбылыстардың мәнін оларды туғызатын және қоректендіретін әлеуметтік және саяси өмірдің басқа жаһандық проблемаларымен байланыстырмастан ашу, түсіну мүмкін емес. Діни экстремизмнің тамырын, ең алдымен, қоғамның әлеуметтік-саяси мүддесі мен оның өмірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан іздеу керек. Осыдан кейін ғана діни экстремизмнің идеялық-психологиялық, этно-діни және тарихи алғышарттары жайында сөз қозғауға болады [4]. Экстремизм - бұл әлеуметтік-саяси немесе ұлттық мәселе ғана емес, сонымен бірге моральдық және рухани мәселе. Экстремизм құбылысы алуан түрлі, оны тудыратын себептер де әртүрлі. Негізгі мотивтер ретінде: материалдық, идеологиялық өзгеруге деген ұмтылыс және нақты жағдайға қанағаттанбау; әлеуметтік теңсіздік, кедейлік, әсіресе жастар арасында өмірлік перспективалардың іс жүзінде болмауы; болашақта тұлғаның тұрақты дамуына әлеуметтік, жеке сенімсіздік және қорқыныш орын алуы; жеке тұлғаның өзін-өзі көрсету мүмкіндігінің болмауы; отбасының, отбасы тәрбиесі институтының және білім беру жүйесінің дағдарысы және т.б.

Діни экстремизм мен терроризмнің шығуына көптеген жағдайлар әсер ететіндігі жайында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ніңдінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Альджанова Н.Қ. өзінің «Діни экстремизм мен тероризимнің таралу себептері» атты мақаласында толыққанды айтқан болатын. Олар:

  • экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және мәдени салаларда артта қалу;
  • әлеуметік әділетсіздік;
  • жұмыссыздық, кедейшілік, ауыл және қала мәселелері;
  • халықтың өмір сүру түрі, стандарттарына батыс елдерінің араласуы;
  • нәсіл, дін, мазхаб, идеология, аймақ және шекара мәселелері;
  • саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан үстемдік құруы;
  • діни, мәдени және идеологиялық, миссионерлік іс-шаралар;
  • географиялық аймақтар, мемлекеттер, халық пен ел арасындағы түсініспеушіліктер;
  • дамыған елдер мен мемлекеттердің дамымаған елдерді отарлауы, бөліп тұтастығын бұзуы;
  • отбасы проблемасы, қоғамнан аластатылуы, өзін-өзі көрсету және дәлелдеуі;
  • бір адамның, қоғамның бастан кешкен күйінішіне, әлсіздігіне қарсы өш алуы;
  • өз дінінің, идеологиясының, халқының және мемлекетінің алдындағы міндетін атқару;
  • қоғамдағы саясат, мәдениет пен өркениет дамуына қарсы әрекеттердің туындауы [5].

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. https://ru.wikipedia.org , Экстремизм

2. https://ru.wikipedia.org , Религиозный экстремизм

3. Назиров Давлятходжа. Проблемы терроризма, религиозного экстремизма и пути их преодоления : диссертация ... доктора философских наук : 09.00.11 / Назиров Давлятходжа; [Место защиты: Ин-т философии и права АН Респ. Таджикистан].- Душанбе, 2009.- 347 с.: ил. РГБ ОД, 71 10-9/29. – С. 86-87.  

4. http://gylymordasy.kz/ , Альджанова Н.К. Діни экстремизм мен терроризмнің таралу себептері, 4.10.2016 ж.

 

Батан Зейінді

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

2-курс магистранты

Ғылыми жетекшісі: Қаңтарбаева Жанна

https://www.kaznu.kz/

БеимбетБеимбет
4 года назад 3764
0 комментариев
О блоге
0
0 0 0 0 0